«100 нақты қадам» – ұлтты алға жетелейтін идея

Сабит ДосановҚазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің бірі Сәбит Досанов әдеби-мәдени саланың жоқтаушысы болып келеді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты қаламгер ағамыз «Свобода слова» газетіне сұхбат берді.

Сәбит аға, шығармашылық ғұмырыңызда 30 томнан астам кітап жаздыңыз. Бір пайыз талант 99 пайыз еңбек деген қағиданы өмірлік кредоға айналдырған жазушылардың бірісіз. Қазіргі жастардың бойынан аға буынның еңбекқорлық қасиетін байқай алдыңыз ба?

–Мағжан ақын айтпақшы мен әрқашанда жастарға сенемін. Тәуелсіздіктің арқасында өзге елдерде жан-жақты білім алып, зор табыстарға жеткен жастар бар. Міне, соларды еңбекқор жандардың қатарына қосуға болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еңбек қоғамына 20 қадам» деп аталатын бағдарламасы талай жасты еңбек етуге үндеді деп білемін.

Қазақстанда еңбек етіп, мұратқа жетуді көксеген жастардың үлкен шоғыры қалыптасып келеді. Ал әдебиетке келетін болсақ, қазір жас ақын-жазушылар шамасы жеткенше жазып жатыр. Біздің заманымызда жазушы алаңсыз жазумен айналысты. Шығармаңыз үшін алған қаламақы отбасын асыруға толық жетуші еді. Ал қазір қандай ғаламат шығарма жассаңызда қомақты қаламақы ала алмайсыз. Сондықтан қазіргі жастар бойындағы қуатын жазуға толықтай жұмсай алмауда. Газет-журналдарда еңбек етіп, отбасын асырап жүр. Бұл ретте «жастар бар уақытын көркем шығарма жазуға арнамады» деп кінәлай алмайсың. Өз басым әдебиет пен публицистикада қатар қалам тербеп жүрген қазіргі жастардың еңбекқорлығына сүйсінемін.

 

Кейбір әріптестеріңіз жастардың кітап оқымайтынына реніш білдіріп жатады. Бұл мәселе сізді де толғандыратын шығар?

– Жастар ғана кітап оқымайды деп бөле-жара айта алмаймын. Қазір үлкен-кіші бәрі кітап оқымайтыны жасырын емес.

Кезінде жайлауға шыққанда малшы біткеннің бәрі «Жұлдыз» журналын қонышына салып, оқып жүруші еді. Тұтас халықтың кітап оқымауы жақсылықтың белгісі емес. Білімнің қайнар бұлағы кітапта. Біздер білімді, зияткер ұлт болуды мақсат тұтсақ бас алмай кітап оқуымыз керек.

Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кітаптың мәні мен мазмұны жайында, «Болашақта кітап оқыған адам компьютер қарайтын адамдарды басқарады» деп айтқан ғой. Өз басым осы пікірге қосыламын. Кітап оқығандағы ғажайып сезімді ешқандай компьютер алмастыра алмасы анық. Тиянақты, іргелі білімді тек қана кітаптан ғана табасың.

«Абай жолы» романының желісі бойынша түсірілген фильмді көрген адам романмен жақсы таныспын деп айта алмасы анық. Сондықтан кітаптың мәні еш уақытта жоғалмайтына сенімдімін. Бір ойшыл «бір адам кітап оқымаса, жеке басының трагедиясы – ал тұтас халық кітап оқымаса ұлттың трагедиясы» деп айтқан ғой. Сондықтан кітап оқу мәселесіне мемлекеттік тұрғыдан қолдау керек.

 

Сәбит аға, жастарды кітап оқуға үндеу үшін балалар әдебиетіне айтарлықтай көңіл бөлген дұрыс шығар?

–Балалар әдебиеті – жастарды кітап оқуға үндейтін негізгі бағдаршам. Елдің ертеңі қандай болатынын қазіргі жастардың іс-әрекетіне қарап білуге болады. Сондықтан жастарымызды қазірден бастап жақсылыққа үндеуіміз керек. Балалар әдебиетін дамыту үшін арнайы сыйлықтар тағайындап, ақын-жазушыларды ынталандыру керек. Сол кезде сүбелі туындылар туады.

 

Сіз Қазақстанда өзге елдермен арадағы әдеби ынтымақтастық аясын кеңейтуге өлшеусіз үлес қосып жүрген санаулы қаламгердің бірісіз. Өзге елдердің мәдениет пен руханиятты дамытудағы қандай іс-тәжірибелері назарыңызды аударды?

– Әр елдің мәдениет пен руханиятты дамытуда қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар. Оларды өзімізге ыңғайлап пайдалануға болады.

Мен Ұлыбританияға барғанымда бір ғана әдебиет бойынша 90-ға таяу сыйлық бар екенін естігенде таңқалдым.

Ал Қазақстандағы сыйлықтарды саусақпен санап алуға болады ғой. Өз басым мұны әдебиетті дамытудағы маңызды іс-тәжірибе деп айтар едім. Сыйлық кез келген жазушыға күш-қуат беріп, сапалы шығарма жазуына жол ашса, құнды шығарманы қарапайым оқырман құныға оқитыны белгілі.

Бұдан басқа Батыс елдерінде мұражайлар мен театрлар халықты мәдениетке тарту мақсатында ара-тұра тегін, ашық есік күндерін өткізіп тұрады. Осы іс-тәжірибені өзімізге енгізуіміз керек.

Үлкен әдебиет болмаған жерде іргелі даму, түлеу болмаса керек. Осыдан біршама уақыт бұрын Желтоқсан көтерілісі мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысқанымда Желтоқсанда абақтыға жабылып зәбір көрген бір азамат: «Бізді алаңға шығуымызға ықпал еткен үш кітап бар. Ол – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Олжас Сүлейменовтың «Азиясы» және Сәбит Досановтың «Ақ арунасы» дегенде әдебиеттің күшін тағы бір рет сезінгендей болдым.

Ешқандай мемлекет әдебиеті мен мәдениетін өркендетпейінше биік белесті бағындыра алмайды.

 

Соңғы уақыттары «Жиырмасыншы ғасыр» романыңыз сияқты сүйекті дүниелер аз жазылуда. Көпшілік қауым осы жағдайларды есепке алып, әдебиет тоқырау кезеңін бастан кешіп жатыр деп айтып жүр. Бұған не дейсіз?

– Иә, қазір шоқтығы биік, тынысы кең шығармалар аз жазылып жатыр. Жалпы, «Жиырмасыншы ғасыр» сынды тұтас бір кезеңді қамтитын шығарма жазу оңай емес. Бұл үшін кез келген жазушы толысып, кемел әдеби тәжірибе жинақтауы керек. Мұны мен «Жиырмасыншы ғасыр» романын жазғанда толықтай сезіндім десем болады.

Өз басым қазақ әдебиеті тоқырау кезеңін артқа тастап, құнды дүниелер тудырып жатыр деп айтар едім. Алдағы уақытта да сүйекті дүниелер туарына алғышарттар бар.

Дегенмен қазір ең қиын мәселе болмашы тиражбен шыққан кітаптар өз оқырмандарын таба алмауда. Осыдан кейін «қазақ әдебиеті тоқырады» деген әңгіме туындауы мүмкін. Көптеген оқырмандар әдебиетте тартымды дүниелердің жазылғанынан хабарсыз.

Жер-жерден оқырмандар хабарласып тұрады. Бәрі сол кітап дүкендері жоқ болғандықтан жаңа шығармаларды оқи алмай жатқандарын айтып, мұң шағады. Алдағы уақытта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы тізе қосып, әр ауданда бір кітап дүкенін ашуды қолға алса орынды болар еді. Бұл іске еліміздегі барлық ақын-жазушылар қол ұшын беретіне сенімдімін.

 

Сәбит аға, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 реформа, 100 қадам бағдарламасы барлық саланы дамытуды көздегені белгілі. Бағдарлама аясында әдебиет пен мәдениетті қандай жақсылықтар күтіп тұр деп ойлайсыз?

– Елбасының жазушыларға, жалпы, өнер адамдарына көзқарасы өте дұрыс. Президенттің осы жақсы көзқарасын ары қарай іліп әкететін олигархтар мен мемлекеттік шенеуніктер аз.

Таяуда бес жазушының басын қосып, келелі әңгіме өткізген Гүлшара Наушақызына рақмет! Екі сағаттан аса еркін отырып әңгімелескен басқосуда әдебиет пен мәдениеттің мәселелері сөз болды. Бәріміз өзімізді толғандырған тиісті пікірлерімізді айттық. Соңғы уақыттары жазушыларымыз жағдайының жоқтығынан үйлерінде отырып қалды.

Мемлекеттік хатшыға осы орайда «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық – Қазына» сынды алпауыт компаниялар жазушыларды тартып, кездесу, мүшәйралар өткізу керек екенін айттым. Осылайша зиялы қауым өкілдері жұмысшы қауыммен тығыз байланыс орнатуы тиіс.

Елбасының «5 реформа», «100 қадам» бағдарламасында да мәдениетті дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Осы бағытта біздер ірі компаниялармен тізе қосып жұмыс істеуіміз керек. Қазір түрлі бағыттар бойынша арнайы комиссиялар құрылып жатыр. Олар бағдарламаның толықтай іске асуын қадағаламақшы. Халық 5 реформа, 100 қадам бағдарламасынан зор үміт күтуде.

   Әңгімелескен Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Добавить комментарий