Жарқын Түсіпбекұлы: «100 нақты қадам – Ұлт жоспары»

Жарқын Түсіпбекұлы

Еліміздің алдағы күнгі даму жолын айқындайтын 5 институционалды реформа және осы реформаны жүзеге асыруға септесетін 100 нақты қадам жобасы жайында «Свобода Слова» газеті білікті сарапшылар мен саясаттанушылардың ой-пікірін тұрақты түрде жариялап келеді. Бұл жол біздің басылымға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Жарқын Түсіпбекұлы сұхбат беріп,

осынау ауқымды стратегиялық бағдарламаға қатысты өз көзқарасын білдірді.

Қазақстанның дамуы жолындағы 5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша қабылданған 100 нақты қадамды қалай бағалайсыз?

– Мұндай ауқымды стратегиялық бағдарламалар көп жағдайда саяси-экономикалық дағдарыстар кезінде қоғамды қожыратпай, бір идея төңірегіне топтастыру мақсатында қабылданып жатады. Яғни, халықтың легитимді билікке деген сенімін одан әрі арттыру мақсаты жататыны түсінікті. Тағы бір қыры бар ол – сенімділік. Өзінің әлеуетіне сенетін елдер мен оның басшылары ғана осындай тәуекелдерге бара алады. Бүгінде «Қытай арманын» жария етіп отырған көрші елі Маоның кезінде барынша қожырап кеткен қоғамды Дэн Сяопиннің «үш қадамы» қалай бір тезге салды? Осман империясынан кейінгі жаңарған Түрік қоғамы Ататүріктің ұлы реформалары нәтижесінде жүзеге асқаннан кейін орнады. Сингапурды аяғынан тұрғызған Ли Куан Юдің 7 принципі сияқты жобалар тарихта болған. Және олардың нәтижелілігі қандай болғанын да көріп отырмыз. Үлкен дағдарыстар кезінде стратегиялық бағдарламалар қабылдап, оны жүзеге асыра білген Шарль де Голль, Франклин Рузвельт сияқты қайраткерлер қиын-қыстау кезеңнен қалай шығуды дәлелдеп кеткен.

Осындай мысалдар тұрғысынан алып қарайтын болсақ, Қазақстан халқын ұйыстыруға, алдағы дамуға Елбасының 5 институционалды реформасы дер кезінде қабылданған стратегиялық бағдарлама деп есептеймін. Халықтың бұл бастаманы қаншалықты қолдайтынын соңғы өткен президенттік сайлаудан аңғаруға болады. Себебі осы 5 халықтық реформа кандидат Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасы болатын. Президенттің өзі қадағалап Ұлттық комиссия құрылғанына қарап, олардың дәл қазіргі жұмыс істеу процестерін саралайтын болсақ, мемлекетті, қоғамды үлкен өзгерістер күтіп тұрған сыңайлы. Ал 100 нақты қадам дегеніміз – 5 институционалды реформа сияқты қоғамның барлық саласын қамтитын ірі стратегиялық жобаны тәптіштеп тарқатып берген Ұлт жоспары. Елбасы алдағы жылдың басынан бастап, нақты жүзеге асырылатынын атап өтті. Қазір пісіп жетілу процесін бастан өткеріп жатқан 100 нақты қадамды қысқаша айтар болсам, осылай бағалар едім.

Қазақстан мемлекеттілігінің дамуы үшін жүзеге асырылатын Ұлт жоспарының маңызы қандай?

– Ұлт жоспарын тереңірек қарайтын болсақ, онда І. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру – мемлекеттік басқару сапасына терең мән беру, II. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету – қоғамда заңдардың мүлтіксіз орындалып, салтанат құруы, ІІІ. Индустрияландыру және экономикалық өсім – ұлттық табыстылық, IV. Біртектілік пен бірлік – бірегейлік, тұтастық. V. Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру – яғни, ашық қоғам. Бір сөзбен айтқанда мұнда бәрі қарастырылған. Қоғамның сан саласын қамтып тұрғанынан-ақ қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Мәселе осы Ұлт жоспарының нәтижелі жүзеге асуында.

Бұның экономикалық тиімділігі бола ма? Қандай қадамдарды ерекше атап өтер едіңіз?

– 100 нақты қадамды алып қарайтын болсақ, ол жерде негізінен экономикаға көңіл бөлінген. Басқа 4 саладан экономикаға мән берілген 35-ші қадамнан 85-ші қадам аралығы толықтай индустрияландыру және экономикалық өсімге арналып отыр. Осылардың ішінде 70-қадамды өте амбициялы қадам ретінде атап өтуге болады. Онда ASTANA EXPO – 2017 инфрақұрылымдары арқасында арнаулы мәртебе бере отырып, АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫН (АІҒС) құру туралы айтылған. Қаржы орталығының ерекше заңды мәртебесін Конституцияда бекіту туралы айтылған. Демек бұл бастамаға ерекше мән беріледі. Посткеңестік кеңістік, Батыс және Орталық Азияның барлық өңірлерінің елдері үшін қаржылық хаб ретінде қалыптастыру дегеніміз үлкен жұмыс.

«100 қадам» жетістіктерінен қазақстандықтар не күтуге болады?

– 5 институционалды реформаны тағы бір ертегі қабылданып жатыр деген сыңайда сынай бастағанын әлеуметтік желілерден жиі байқаймыз. Бұл 5 халықтық реформа, оны тарқатып берген 100 нақты қадам, оның алдында қабылданған «Қазақстан 2050» стратегиясынан шығып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Индустрияландырудың екінші кезеңі бәрі бір-бірімен қабысып жатыр. Ал мұндай ұзақмерзімді жобалардың нәтижелері қашан белгілі болады дегенге келсек, сөз басында айтып өткен Дэн Сяопиннің «Ашықтық және реформалары» жаңа ғасырдың екінші онжылдығы тұсында нәтижесін анық көрсетіп отыр. 1965 жылдары Ли Куан Ю «7 прининцпін» қабылдаған Сингапур елі өзінің 50 жылдығын қандай деңгейде атап өтіп жатыр?! Сондықтан уақыт керек деп есептеймін.

Адиль КАУКЕНОВ

Плюсануть
Поделиться
Класснуть
Запинить

Комментариев: 7

  1. Даулет:

    Еліміздің басты мақсаттарының бірі бұл Ұлттық жоспарды жүзеге асыру деп білем! Нақты айтылған 100 қадам мемлекеттің жұмысын жақсарып қана қоймай жаңа дейгейдегі жұмысқа жетелейтіні анық!

  2. Камиль Байназар:

    Бұл жобаның іске асырылуы елімізді жаңа деңгейде дамуға әсер етеді

  3. Алмажан:

    Жарқын Түсіпбекұлы сынды көпшілік танитын сарапшылардың көзқарасын білу өте қызықты, әсіресе ұлт жоспары сияқты ауқымды құжат бойынша

  4. Гулсезим:

    Ұлттық жоспарды жүзеге асыру ол тек мемлекеттің ғана міндеті емес, барлық қазақстандықтардың міндеті. Сондықтан әрқайсымыз мақсатқа жетуге талпынайық!

  5. Асан:

    Осы 100 қадамды ерінбей, ауытқымай жүріп өтер болсақ, биік белестерді бағындыратынымыз сөзсіз!

  6. Айгүл:

    Дұрыс айтады, бұл биліктің ғана емес, жалпы біздің халықтың міндеті болу керек

  7. Дидар:

    Бізді қазір әлем таниды. Бірақ бұл болдық деген сөз емес. Біз одан ары танылып, әлемнің дамыған 30 еліне кіреміз десек, осы қадамдардың орындалуын жіті қолға алуымыз керек

Добавить комментарий

Популярное