Нұртөре Жүсіп: “Газет пе, сайт па? Мәселе талғам мен таңдауда…”

Нұртөре Жүсіп
Журналистер күні қарсаңында «Свобода Слова» басылымы белгілі журналист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіппен әңгімелескен болатын.

Нұртөре аға, қазақ журналистикасы ұлттық мүддені бəрінен жоғары қоятынын білеміз. Сіздің ойыңызша қазақтілді журналистика тағы қандай тақырыптарды көтеруі керек?

Қазақ журналистері ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздік мәселелерін ұдайы назарында ұстап отыруға тиіс. Қорғаныс саласындағы қауқарымыз қандай? Қазаққа қандай қауіп-қатер бар? Қайткенде оның алдын аламыз? Елімізде қабылданған заңдардың озық жағы қайсы, тозық жағы қайсы? Экономикалық реформалардың ұлтымызға берер ұтымды тұстары қандай? Әртүрлі одақ, кеңес, құрылымдардың елге пайдасы қаншалықты?

Халқымыздың әлеуметтік жағдайын қалай жақсартуға болады? Білім мен денсаулық салаларында қазақтың қағажу көре беретіні неліктен? Меніңше, осы тақырыптар күн тәртібінен түспеуі керек.

Соңғы уақыттары мультимедиялық журналистика, яғни, интернет журналистика қарқынды дамыды. Қазір сол интернет журналистиканың екпіні бәсеңсігендей. Сайттардың бәрі сол баяғы газетке шыққан материалдарды көшіріп басуда. Сонда қазақтілді журналистер заманауи технологиялық жетістікке дайын болмағаны ма?

Өзіңіз айтып отырғандай, сайттардың дені газеттерде жарық көрген мақалаларды көшіріп басумен айналысып отырғаны рас. Сол тәрізді кейбір газеттер интернет басылымдардағы жарияланымдарды жариялаудан арыға бармай отыр.

Бұған қарап қазақтілді журналистер заманауи технологиялық жетістіктерге дайын болмай шықты деген пікір түйіндеудің реті болмас. Әлемде технологиялық жағынан озып кеткен Жапония, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде газет пен оның интернеттік нұсқасы қатар өмір сүріп жатыр. Газеттер жабылып қалса, алдымен осы елдерде жабылар еді… Бұл елдердің басты артықшылығы – оқу мәдениетінің қалыптасқандығында.

Мәселен, Жапонияда «Иоумури» газеті таңертең және кешке миллиондаған таралыммен жарық көреді. Метрода, қоғамдық көліктің басқа да түрлерінде жапатармағай газет оқып отырған адамдарды көру таңсық емес. Құстың қос қанаты секілді дәстүрлі басылымдар мен жаңамедиа нарығы бір-бірімен қанаттаса дамып келеді. Бізде де солай болу керек.

Бұл жерде мәселе – талғам мен таңдауға тіреледі. Сізге қайсысы ыңғайлы, газет пе, сайт па? Таңдау азаматтардың еркінде.

Бізде интернеттік нұсқаның қолы да, жолы да жетпей жатқан салалар бар. Олардың есесін толтыру – бірінші кезекте мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін шаралар. Қазақ тілі қай салаға болсын жарамды. Тілдің тартымдылығын қалыптастыру – басты назарда болу керек.

Биыл Жеңістің 70 жылдығына байланысты «Қаһарман» сайты ашылды. Көптеген ақпарат қамтылған. Осындай салалық интернет басылымдардың көбейгенінен қорқудың қажеті шамалы.

Бүгінде телеарналарды шоу-бағдарламалар басып қалды. Журналистикада еңбек етіп келе жатқаныңызға 35-40 жыл болды. Қазақы көрермен мен оқырманның талғамы шынымен де шоу деңгейіне төмендеп кетті ме?

Телеарналардағы шоу сипатты бағдарламалар адамды ойландырмау үшін жасалып жатқан нәрсе ме деп ойлаймын. Қазақ көрермендері мен оқырмандарының талғамы төмендеп кеткен жоқ.

Шоу-бағдарламалар рейтингті көтеру үшін жасалады. Ал сол рейтингті түзетін, жасайтындар кімдер?

Бұл ыңғайда қазақ көрермендерінің таным, талғамы қаперге алынып отырған жоқ. Мәселен, елімізде «Мәдениет» арнасы ашылғанда мен «Өркениет» деген бағдарламаны жүргіздім. 100-ге тарта хабар түсірдік. Соның қай-қайсысында болсын қазақтың негізгі мәселелерін көтердік. Кейін «Мәдениетті» «Хабарға» қосты. «Түсіретін кран жоқ» деген желеумен әлгі хабарымыздың қарасы батты. Ел әлі күнге дейін сол хабарды іздейді.

Мен бұл арада керемет тележүргізуші болдым, немесе телеарнада тау қопарып тастадым деп айта алмаймын. Бірыңғай шоу арқылы біз ұлтымызды тәрбиелей алмаймыз. Шоудың арты қашан да шуға ұласпай тұрмайды…

Нұреке айтыңызшы, тәуелсіздік жылдары қазақ журналистикасы қандай жетістікке жетті?

Тәуелсіздік бізге көп нәрсе берді. Еркіндік, елдік, мемлекеттілік деген ұғымдар алдыңғы лекке шықты. Мемлекет өз тарапынан ұлттық баспасөзге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қаншама жаңа газеттер мен журналдар пайда болды. «Ана тілі» газетінің таралымы талайлардың түсіне де кірмейтін деңгейге жетті. Әйтсе де қазақ журналистикасы Тәуелсіздік жылдары мазмұн жағынан да, мәнісі жағынан да өсу, өркендеу бағытында болғанын айтуымыз керек. Журналистердің қоғамдық мәртебесі биіктеді. Жыл сайын Президенттік сыйлық белгіленді. Қазақстан Журналистер Одағының, Қазақстан Журналистер Академиясының арнаулы сыйлықтары, одан қалды облыстық, өңірлік деңгейде белгіленген қаншама сыйлық бар! Соның бәрі қоғамның БАҚ-пен санасатындығын көрсетеді. Жетістікті бізден ешкім тартып алмайды.

Сіз журналистикада теңдессіз іс-тәжірибе жинаған мамансыз, болашақта орасан зор іс-тәжірибеңізді бизнеспен байланыстырғыңыз келмей ме?

Қазақ журналистикасында жүргенімізге 40 жылға жақындады. Біршама тәжірибеміз де бар шығар. Орайы келгенде аймақтарға шығып, «Шеберлік сыныбынан» дәрістер оқимын. Қазіргі таңда бизнеспен айналысуға кешігіп қалдық. Біздікі – кәсіби тірлік. Құрылтайшыға қандай газет керек: өлі газет болса – өлі газет, тірі газет болса – тірі газет шығарып бере аламын. Қолдан келетіні сол ғана.

Нұреке, сіз Кеңес заманында Павлодардың облыстық газетінде жұмыс істеп, сол кездегі журналистиканың барлық баспалдағынан өттіңіз. Соңғы уақыттары республикалық басылымдардан гөрі облыстық, қалалық басылымдар күш ала бастағаны байқалады. Бұған қандай жайттар әсер етуі мүмкін?

Бұл Астананың дамуымен бірге барлық облыс орталықтарының дамығаны сияқты нәрсе ғой. Оның үстіне қазір интернеттік кеңістік газеттердің республикалық немесе аймақтық болып бөлінуін болдырмауға қарады. Жергілікті басылымдардың жетеғабыл дамуын жақсылыққа балаймын. Бірақ қай жерде болсын жақсы, білікті, сауатты кадрға деген зәрулік байқалады. Журналистика факультеттерін бітіріп жатқан жас журналистердің арасында газет қызметкері болуға деген құлшыныс жоқтың қасы. Жастардың бәрі телеарнаға барып, бірден «жұлдыз» болғысы келеді.

Бұл журналистиканы жайлап алған қоғамдық дерт болып отыр. «Журналис­тиканың балалық ауруынан» айығар күн де алыс емес шығар деп ойлаймын.

Соңғы жылдары бірқатар республикалық басылымдарда оңтайландыру жұмыстары қолға алынып, ірі медиахолдингтердің қанатының астына өтті. Маман ретінде айтыңызшы, бұл іс-тәжірибе өзін ақтады ма?

Басылымдардың ірі медиахолдингтерге біріктірілуінің жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Жақсы жағы ресурстар бір жерге шоғырландырылады. Еңбекақы, қаламақы төлеу мәселелері біршама жолға қойылған.

Газеттерді басу және тарату ісі де оңтайландырылған. Алайда, тақырыптық, шығармашылық тұрғыдан алғанда біршама шектеулердің бары да анық. Жақында ғана Шымкент қаласында «100 нақты қадам: ақпараттық қамту және ілгерілету» деген аймақтық журналистер форумы өтті.

Сонда 2020 жылға қарай Қазақстанда шығатын барлық аудандық, қалалық және облыстық газеттердің орыс тіліндегі нұсқаларын мемлекеттік тілде шығатын басылымдардың жанынан шығару туралы ұсыныс жасадым. Бұл тарапқа өзге тілде шығатын басылымдарды да қосу қажет. Мәселен, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қосымшасы етіп, орыс тіліндегі «Южный Казахстан» және өзбек тіліндегі «Жанубий Қазоқистан» газеттерін шығарғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Кезінде Никита Хрущевтың тыңайған жерлерді игеруді желеу етіп, аталған басылымдардың орысша нұсқаларын шығартқан. Сондағы ойы – Совет халқы бір тілде сөйлейтін болады деген сылтау еді. Сол себептен таза қазақ аудандарында орысша газеттерді шығаруды арнайы хаттар жаздыртып, қолдан ұйымдастырған. Енді біз Мәңгілік ел боламыз деп отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген аталы сөз айтты. Демек, мемлекеттік тілдегі басылымдарға басымдық беретін кез жетті.

Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек арнайсыз?

Төл мерекеміз құтты болсын! Журналистер ең қатерлі мамандық иелері саналады. Бұл салада күндіз-түні ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген жандардың жүйкесі мен жүрегіне көп күш түседі. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын деген тілектен басқа не айтамын?!.

Сұхбаттасқан Нұрлан Жұмахан

Метки: , ,


Плюсануть
Поделиться
Класснуть
Запинить
Рубрика: Интервью

Добавить комментарий