Алмат Сақатов: «Әзілде тәртіп жоқ қазір. Мақсат күлдіру ғана…»

Алмат САҚАТОВпен сұхбатБұл жолы «Свобода Слова» газетіне кезінде күллі Қазақстанға танымал болған «Бауыржан-шоу» театрының әртісі, қазір киноға түсіп, қазылық етіп әр салада көрініп жүрген Алмат САҚАТОВ сұхбат берді.

Көптен бері көрінбей кеттіңіз, бүгінде қайда жүрсіз Алмат аға? Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Қазір Алматыдамын. Қолымда үш-төрт бала бар, соларды тәрбиелеп жатырмын. Осы жігіттердің басын қосып театр ашсам деген арманым бар.

Дегенмен әзіргі «шығармашылық» үй іші, бала-шағаның қамы. Той-томалақтар бар, киноға түсіп жатырмын.

Мысалға?

– Жақында, «Қарашаңырақ», «Рауан» деген киноларға түстім. Тағы да бірқатар ұсыныстар түсіп жатыр…

Негізінен қандай кейіпкерді сомдайсыз?

– Шыны керек, «Қара шаңырақтан» (сериал. авт.) кейін режиссерлар мені көбінесе жағымсыз кейіпкерлердің рөліне шақыратын болды (күліп). «Қарашаңырақта» жексұрын, «иттің баласының» рөлін ойнағанмын. Жақсы алып шыққан болуым керек…

Залым, зымиянның рөлін алып шыққан, оған көрерменді сендіре білген де өнер ғой?

– Негізі сондай рөлдерді алмай-ақ қоюым керек еді. Әбден жексұрын болдым (күліп). Иә, режиссерлердің өздері іздеп, шақырғандары жақсы, әрине. Бірақ, барсаң өңшең жалмауыз, жаман кейіпкерлер күтіп тұрады. Қазір күлетін болдым. «Кішкентай болса да, жағымды рөл беріңдерші» деймін.

Хабар арнасындағы «Ду-думан» әзіл-сықақ бағдарламасында әділ қазы да болып көрдіңіз…

– Иә, екі маусым бұл бағдарламада қазылық еткен жайымыз бар. Уәлибек Әбдірайымұлының ұсынысы болатын.

Алмат САҚАТОВпен сұхбат

Мен көзімді ашқалы бері өнерде жүрдім. Әкем де, шешем де өнер адамдары. Өнерден басқа нәрсені білмеймін. Қазір 47-ге келдім. Соның қырық жылын сахнада өткіздім.

Өнерді ақша табудың көзі деп қарамауға тырысамын. Өмірімді өнерге арнаған адамның бірімін. Мұны неге айтып отыр десеңіз, осы бағдарламаға жюри болғанда әрдайым әділін, турасын айттым.

Биыл үшінші маусымы түсірілмек екен. Әзір шақырту түскен жоқ. Қатысасыз деп айтқан. Бірақ, шоу-бизнесті білесіз ғой, бірде көл, бірде шөл.

Турасын, әділін айтатын адаммын дедіңіз. Кейбіреудің көңіліне келіп, талабын жасытып тастаймын деп ойламайсыз ба?

– Өнерде адамның көңіліне қарауға болмайды. Біздің шоу-бизнесте дарынды мен талаптылардың орнын басып жүргендер көп… Сосын егер адам шынымен де өнерді сүйетін болса, ендеше соны дәлелдеуі керек.

Менің өмірімде мынадай жағдай болған: 20 жастамын. Әкеммен бірге сахнаға шығып жүрген кезім. Бір рөлді ойнай алмай қойдым. Әкем гримеркіден шыға сала, бетімнен шапалақпен тартып жіберді. «Кет сахнадан! Сен бұл жерде жүрмейсің!» деді.

Сол кезде бөлек отырған бір әнші апайымыз: «Мен де сенен есі дұрыс әртіс шығарына сенбеймін!» деді. Сонда әкемнің сөзі емес, әлгі әйелдің сөзі менің жүрегіме қатты тиді…Әкемізді қойшы, күнде таяқ жейтін кезіміз ғой, ол тұста (күліп). Әлгі әйелдің сөзінен кейін өз алдыма: «не осы сахнада қаламын, не кетемін» деген талап қойдым. Қалдым. Мен өзімді керемет әртіс санамаймын, бірақ өнерге адасып келмегенімді ең алдымен өз-өзіме дәлелдеп келе жатырмын.

Әкемнің маған айтқан бір сөзі есімде қалыпты: «Қандай рөлді сомдасаң да, өз рөліңді өте жақсы көруің керек».

Біз бәріміз де «Бауыржан-шоуды» көріп өстік. 20-25 жастағы тәуелсіздікпен тетелес ұрпақ. Білуімізше, «Бауыржан- шоу» театры тарқап кетті. Оның тарқауына, тарауына не себеп болды?

– «Бауыржан-шоу» сол кезгі кезеңнің, былайша айтқанда дәуірдің мінезі, болмысы еді. Театр сол кезгі уақытқа сай келді.

Театр 1993 жылы құрылды. Ал 2005 жылы «Бауыржан-шоу» біртіндеп бәсеңси бастады. Анығы, 2003 жылы біз ақырындап жабылуға дайындала бастадық. Өйткені, өнер де өмірдегідей өзгерісті қажет етеді. Ескінің орнын жаңа алмастырады.

Бірақ, біз 10 жылдың ішінде бүгінгі біраз театрлар 40-50 жылда әрең қол жеткізетін жұмысты атқарып тастадық. Біз стадиондарды толтыратынбыз. Біздің кешімізге 10 мың адам жиналатын. Бізге Мәдениет сарайларын бермейтін. Себебі, халық сыймайтын.

Осы 10 жылдың ішінде біз қазіргі құрылып, жұмыс жасап жатқан театрларды өнерге дайындап кеттік. Теледидардан-ақ дайындадық. Қазіргі «Нысана», «Базар жоқтағы» балалардың бәрі бізді көріп өскен. Өйткені ол кезде бала көретін басқа дүние жоқ еді. Иә, аспаннан аяғы салбырап түскендей сөйлейтіндер бар…

Әйгілі «Шаншар» театры да бізден кейін шықты. Мықты болса, сол кезде шықпас па еді.

1993 жылы өте ауыр кезең еді. Адамдарға өнер емес, тамақ керек кезде біз театр аштық.

2000 жылы менің әкем, «Бауыржан шоудағы» әзіл-сықақ қойылымдарының авторы, режиссер Марат Сақатов қайтыс болды. Міне, сол кезден бастап біз құлдырай бастадық. Әкеміз біздің театрдың рухани азығы еді. Бізге бәрін дайындап беретін. Кейін концертіміз нашарлай бастады. Бір күні Баукең (Бауыржан Ибрагимов, автор) бәріміздің басымызды қосып: «Бүйтіп концерт қойғанша, қоймағанымыз дұрыс, сәл дамылдайық, күтейік» деді.

Сайып келгенде, театр толық жабылған жоқ қой?

– Жоқ, жабылған жоқ. Бауыржан Ибрагимов бар кезде «Бауыржан- шоу» болады. Бірақ, мынаны түсініңіздер, әр нәрсенің пайда болатын, өсетін және өшетін кезі болады…

Қазіргі «Алдараспан», «Шаншар», «Базар жоқ» театрларының ендігі қалған ғұмыры әр кетсе 7-8 жыл. Тұрсынбек Қабатов «тірі» қалуы мүмкін. Себебі, бизнеске жақындау, еті тірі жігіт. Басқа бір нәрсе ашып, әрі қарай кете беруі ғажап емес.

Жалпы қазіргі әзілдің деңгейі қаншалықты? Әзілдің сапасы төмендеді дейді…

– Әзіл дегеніміздің өзі өмірден алынған дүниелер емес пе? Мысалы, халық неге «Шаншар» театрын жақсы көреді? Әсіресе, 2008 жылдары. Өйткені «Шаншар» сол кездегі халықтың өзін көрсетті. Халық оқыған тоқығандардан, ақыл айтатындардан, болашақты болжайтындардан, пафостан жалығып кетті. Халық ауылды сағынып кетті. Қала мен ауылдың арасындағы байланыс үзіле бастаған тұғын. Ел ауылдың қарапайым өмірі, отбасы, ошақ қасындағы әңгімелерді сағынды. Бірақ, ол әзілді де бере алу керек. Өз басым «Шаншардың» әзілін сауатсыз, сапасыз санамаймын. Қолдарынан келсе сынайтындар халықты сөйтіп күлдіріп көрсін.

Дегенмен де соңғы кездері арзан әзілдің біздің телеарналарды жаулап алғаны жасырын емес қой?

– Былай айтуға болады, әзілдің рухани деңгейі төмендеді. Анайылық, белден төмен әңгімелер, қыздарымыз туралы «қылықсыз» сөздер айту, болмаса мұғалімдерімізді кемсіту.

Байқайсыз ба, біз қазір адамның бойындағы кемшіліктерді мазақтамайтын болдық. Күлдіреміз дейміз де, көбінің ар-намысына тиеміз. Айталық, ұстаз атты ұлы ұғымды қалай мазақтаймыз? Бір театрдың қойылымынан көрдім. Ұстаз отырады да, еңкейіп етегінің астына қарай салады…Әзілде тәртіп жоқ қазір. Мақсат күлдіру ғана…

Қазір әзілді де орыстың әзілімен салыстыратын болдық. «Орыстар әзілдеген кезде күледі, орыс залға сыймай отырады» дейді. Осындай пікірлер оқыдым. Орыс ол – орыс! Ол қазақ емес. Қазақты күлдіру үшін еңбек етуің керек. Қазақты орнынан қозғау үшін де еңбек етуің керек. Ал орыс халқы…Мысалға, мен бір жағынан тамадамын. Орыстың тойы десе ойланбастан кете беремін. Өйткені олар не айтсаң да күледі. Ене, ата, еркек пен әйелдің ортасындағы әңгіме орыстың тойында мұны бәрі өтеді, бәрі де күлкілі. Ал біздің тойларда мұндайға бармаймын. Себебі, біздің менталитетіміз орыс халқымен үйлеспейді. Сондықтан да біздің әзілге тәртіп керек.

Сонда сіз екі тілде той басқаратын болып тұрсыз ғой?

– Ағылшынша үйреніп алсам, үш тілде басқарар едім (күліп). Иә, мен асабамын. Асабаның өзі де жүргізіп тұрған кезде сауатты жүргізуге тырысуы керек. Себебі, адам бәленің бәрін тілден табады.

Соңғы сұрақ, сөз басында театр ашпақ ойым бар дедіңіз. Ол нақты жүзеге асатын дүние ме?

– Әрине. Әзіл-сықақ бағытында болады. Үш-төрт шәкіртім бар. Соларды тұздап жатқаныма 2-3 жыл болды. Интеллигенттік, рухани биік, тілі дұрыс, аузына келгенді айта бермейтін, өздері ән айтып, өздері би билейтін театр құрғым келеді.

Айтпақшы, бұл жаңалықты «Свобода Слова» газеті арқылы алғаш хабарлап отырмын. Театрымыздың тұсаукесерінен қалмай келіңіздер!

Сұхбаттасқан Есет КӨШЕБЕ

Плюсануть
Поделиться
Класснуть
Запинить
Рубрика: Интервью

Добавить комментарий

Популярное