Тәуекел Мүсілім: «Өмірде барлығына өз күшіммен жеттім»

Махаббатым жүрегімде

Ол қазіргі қазақ телеарнасындағы ең танымал әрі ең әдемі жұлдыздардың бірі. Оған бүкіл қыздар ғашық десе артық болмас. Әзіргі күні Тәуекел «Махаббатым жүрегімде» телехикаясының екінші маусымына түсіп жатыр. Яғни, ендігі жерде ол тек тележүргізуші ғана емес, сонымен бірге актерлік қырынан танылған талант. Жақында Тәуекел Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студия» бағдарламасына қатысып көрермендер тарапынан түскен бірқатар сауалдарға жауап берген екен. Шыны керек, журналистер алдында сұхбат беруден қашқақтайтын жұлдыздар көп. Алайда Тәуекелдің жөні бөлек. Біздің басылымның бірқатар сұрақтарына жауап берген ол, өзінің алдағы жоба-жоспарларымен бөлісе отырды.

Ал Тәуекел, тәуекел деп сұрағымызды қоялық. Шығармашылығыңда қандай жаңалықтар бар?

– Қазіргі күні үш саланы қатар қамтып жүрген жайым бар. Тележүргізуші, әнші әрі әртіс ретінде бағымды сынаудамын. Әрине, спортты да назардан қалыс қалдырып жүргенім жоқ. Телеарна туралы айтар болсам жүргізетін бағдарламаларым бар. Бұдан сырт «Махаббатым жүрегімде» телехикаясының екінші маусымында басты рөлді сомдадым.

Иә, бұл сериал шынымен де елге танымал картинаға айналды. Алайда бұдан басқа тағы қандай кинотуындыларға түсуге ұсыныс түсіп жатыр?

–Әрине, ұсыныс бар. Бірақ, алдымен мұның бәрі қалай басталғанын айтып берген дұрыс шығар. Шыны керек, бала кезде актер болуды армандадым, елге танымал болғым келді деп айтсам өтірік айтқаным. «Есейсем көп ақша тауып, бизнесмен боламын» деп армандайтынмын (күліп). Жоқ, рас. Жалпы бала кездегі армандарымыз жиі өзгеріп тұрушы еді ғой. Мысалға, 7-ші сыныпқа дейін мен футболшы болуды армандадым. Неге? Өйткені қыс демей, күз демей, тіпті жаңбыр жауып, қар қапалақтап жатса да мен үйде отырмайтынмын. Күні бойы доп қуатын едік. Доп десе ішкен асын жерге қоятын баланың бірі мен едім. Осылайша қызығып футболға қатысқан кездерім де көп болды.

Әлі есімде. 9 сыныптан 10-шы сыныпқа көшкен кезде әке-шешем үйге компьютер сатып алып берді. Содан бері мені мен доптың арасы алшақтап кетті (күліп). Далаға шығуды қойдық. Күні бойы компьютерге тесіліп отыратынды шығардым. Осылайша футболға нүкте қойғанбыз. Керісінше, компьютер ойынының маманына айналып кеттік. Осы ойын бар, сабақ бар барлығын қатар алып мектепті де бітірдік.

Тауекел мус

Отбасында қанша баласыздар?

– Үйде екі баламыз. Менен екі жас үлкен әпкем бар. Әпкем жоғары оқу орнына түскенде анам тапқан табысын оның оқуына жұмсайтын. Ал мен оқу бітірген жылы ол маған былай деп айтты: «Балам, міне мектепті де бітірдің. Кім болғың келетініңді білмейміз. Ол жағын өзің шешерсің. Бірақ, сен ер адамсың. Әпкеңді өзіміз оқытамыз. Ал сен оқуға өз күшіңмен түсуге тырыс» деді. Тиісінше, түспесең «әскерге кетесің» дегенді меңзегені ғой. Былайша айтқанда, анамның әпкеме қоса менің оқу ақымды көтере алмасы анық еді. Мен болсам: «Жарайды, мама бәрін түсінемін. Оқуға өз күшіммен түсуге тырысамын. Сізге уәде беремін» дедім. Осылайша физика пәнін таңдап, осы пәнге барынша дайындалып оқып, осы саланың мамандығын таңдауға дайындала бастадым. Себебі, мектеп кезінен бері есеп-қисапқа жүйрік едім. Құдай қолдап, ҰБТ-да жақсы балл алдым. Қателеспесем, 82 балл. Ол кездегі баллдың шекті деңгейі 120 болатын. Нәтиже шынымен де жаман емес еді.

Оқуға түсерде барлығы төрт мамандықты белгіледім. Олардың ішінде радиотехника, мұнай саласының маманы сияқты кәсіптер бар. Бір қызығы, өңкей мықты мамандықтарды таңдаған екенмін. Өзімше түсем деген ойым ғой. Үшінші қандай мамандықты таңдағаным есімде жоқ, әйтеуір төртіншісі көлік құрастыру деп тұр екен. Шыны керек, нені құрастыратынымды түсінгем жоқ. Бәлкім, машина шығарып қалатын шығармын деген ой да болды. Айналып келгенде дәл осы мамандыққа түстім. Тек түскеннен кейін ғана ешқандай көлік құрастырмайтынымды білдім.

Сонда бұл нендей кәсіп екен?

– Менің оқуым компьютерлік бағдарламалар құрастыру ісі болды.

Барлық студенттер сияқты жатақханада тұрған боларсың?

– Жоқ, Алматыда тұрғаннан кейін үйден келіп, үйден қатынап жүрдім. Осылайша аталған мамандықты 4 жыл дегенде тәмамдап, қолыма диплом алып шықтым. Өз мамандығым бойынша шамамен 2 жылға жуық жұмыс істеп те үлгердім.

Алғашқы айлығың қанша теңгені құрады, есіңде ме?

– Ұмытпасам, 70 мың теңге айлық алдым-ау осы…Бір қызығы бітіргенім басқа мамандық болғанмен, жұмысқа телекоммуникацияға орналастым. Оператор деген мамандық бар. Күні-түні антенналарды күзетіп отырасың. Олар мүлтіксіз жұмыс істеп тұруы керек.

Былайша айтқанда байланысқа жауап бердің ғой?

– Иә.

Ал өнерге қалай келдің? Елге осы жағы да қызықты?

– Әпкем модель болатын. Бір күні әпкемнің әріптес досы Данияр мені көріп, «сен де модель болуға жарар едің» деді. Маған модель жігіттердің бәрі өңшең қызтеке сияқты, нәзік көрінетін. Даниярға қарасам, ірі денелі, сымбатты жігіт. Содан барып көрейін, тонымды ешкім шешіп алмас деп ойладым. Ал өзімнің аздап ұялшақтығым бар (күліп). Модельдер арасынан көптеген қазақтың сымбатты, ұзын бойлы, келбетті жігіттерін көрдім. Соларға қызығып, мен де модель болуға бел будым. Бұл 2008 жыл еді. Үлкен сахнаға шығып, біршама ашыла бастадым. Өз-өзіме деген сенімділік оянды. Содан кейін фотожарнамаға шақыртулар алдым. Ол жерде мимика арқылы сезімді көрсету керек. Сөйтіп жүріп сезімді сөзбен айтатын сериалға түсуге де қол жеткіздік қой.

Жалпы жаныңызға қайсысы жақын: әншілік пе әлде әртістік өнер ме?

– Екі саланы да қатап алып жүрген жайым бар. Сондықтан оларды бір-бірінен бөліп-жара алмаймын.

Тұрмыс құрмаған қыздардың көпшілігін алаңдататын бір сауал бар. Тәуекелдің басы бойдақ па осы?

– Бойдақпын. Әрине, отбасын құру, шаңырақ көтеру ойымда бар. Бірақ, бәрі де бір Алланың қолында ғой. Бұйырған күні қолыма армандағам құсымды қондырарыма сенімдімін. Ал әзірге бар бос уақытымды шығармашылығыма арнап жүрмін. Шыны керек қызбен кездесу, оған көңіл бөлу үшін уақыт керек. Дәл қазір маған жетпей жүргені осы уақыт.

Соңғы сұрақ. «Махаббатым жүрегімде» сериалында ғашық жігіттің рөлін сомдайсыз. Ал шын өмірде шынайы ғашық болып көрдіңіз бе?

– Шын ғашық болып көрмеген екенмін. Содан да шығар басым әлі де күнге дейін бос. Өз басым бір көргеннен ғашық болу дегенге сенбеймін. Ал жалпы сезімге келгенде адалдықты құптаймын.

Рахмет!

Әңгімелескен Есет КӨШЕБЕ

Плюсануть
Поделиться
Класснуть
Запинить
Рубрика: Интервью

Добавить комментарий

Популярное